«Қош келдің,  Әз Наурыз!»


Кел, наурызым, ортаймайтын ырысың,

Тәуелсіздік және өзің тынысым.

Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа,

Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін.



       Міне, бүгінде қазақтың жаңа жылы, яғни наурыз мейрамы тойланып жатыр.Бұл күнде күн мен түн теңеледі.Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнін тойлайды.Жылда асыға күтетін Ұлыстың Ұлы күні- жайма шуақ Наурыз биыл  да Инеу Екібастұз колледжінің табалдырығын аттады.

       «Қощ келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара  18 наурыз күні колледж оқытушыларының, студенттерінің ұйымшылдығымен аталып өтті.Бұл күні дүбірлі той, ақ түйенің қарны жарылған күн болды.Таң атқаннан колледжге жиналған жұрт бар жақсысын киіп, ауыл аралап, бір-біріне жақсы тілектер айтты.

       Мерекенің ашылу салтанаты «Ұлы Жібек жолы»  жәрмеңкесімен басталды.Жәрмеңкеде 3-4 курс студенттері шаһарларға бөлініп, өз сауда-саттығын жүргізіп, музыкалық-мерекелік сәлемімен қарсы алды.

       Жасау-жабдығы келiсіп тігілген  ақшаңқан киіз үйлер қазақтың кербез сәні мен салтанатының айғағы. Осындай киіз үйлер колледждің әр қабатында мамандықтар бойынша безендіріліп, ауылдарға бөлініп, шаңырақ көтерді.

       Қай шаңыраққа бас сұқсаңыз да әсем әннен шашу шашылып, күй төгiлді. 1-2 курс студенттері ата-аналарының қолдауымен  наурызкөже, бауырсақ, тәттiлерiн қонақтар мен жалпы көпшiлiкке үлестiрiп, ақтан ауыз тигiзіп, театрландырылған қойылымдарын  көрсетті.  

       «Бастауыш білім беру» мамандығы «Ақан Сері» ауылы «Балқадишаны  жырлап, қос ғашықтың махаббатын сахналап баршаның жүрегін тебірентті.

       «Құқықтану», «Қаржы» мамандығының студенттері  «Ыбырай ауылы» «Шеше мен бала» шығармасынан үзінді көрсетті, сонымен қатар әр ұлттың наурыз мейрамын қалай қарсы алатынын көрсетіп, олардың ән, би өнерімен, ұлттық тағамдарымен таныстырып, қонақтарды қуантты.

       «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының студенттері  «Шәкәрім» ауылы болып,  көл бетінде қос аққудай қалқыған  Қалқаман мен Мамырдың ғашықтық  жырын сахналау арқылы трагедиялық тағдырын көрерменнің назарына ұсынды.

       «Ағылшын тілі пәндерінің  студенттері ән әлемінің падишахы, вальс королі, композитор «Шәмші»  ауылы болып, халыққа кең танымал әндерін шебер орындап, киім үлгісіне дейін мән беріп,  сол заманның жастық шағын көрермендердің көз алдарына елестетті. 20 ғасырда қазақ әнінің ажарын ашып, шырайын кіргізіп, оның өрісін әсем көгіне шығарған - Шәмші Қалдаяқов есімді аққу әуезді композитор. Әсем әндері қай атақ, қандай сыйлықтан да жоғары.

       «Негізгі орта білім» мамандығының студенттері, болашақ тіл мамандары  «С.Торайғыров» ауылы болып, қазақ әйелінің теңсіздіктегі күйін көрсетуге құрылған,  шоқтығы биік туындысы  «Қамар сұлу» романынан үзінді қойып, қазақ жастарының бас бостандығы, қыздарды қалың малға сату, теңсіздік құрбаны болған сұлу Қамардың жан жарасын сахналап, жиылған жұрттың көзіне  жас  алғызды.         

       Әр ауылдың сахналық қойылымы аяқталған соң, келген қонақтар  ұлттық тағамдардан дәм татып, Жиналған қауымға мерекелік бағдарламаның қорытындысымен әділ-қазылар алқасы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жүлделі орындармен марапаттады.

       Наурыз мейрамы және қаланың мерейтойы аясында  өткен «Қош келдің,  Әз Наурыз!» іс-шарасына белсенді қатысып «Бас жүлдеге» ие болған «Ақан Сері» ауылы,  I орын «Ыбырай» ауылы, II орын «С.Торайғыров»  ауылы,  III орын «Шәкәрім» ауылы,  IV орын «Шәмші» ауылдары  дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

       ИнЕУ Екібастұз колледжінде өткен  Наурыз мейрамы айта жүретiндей сауық-сайранымен көпшіліктің есiнде қалды. Халқымыздың ертеден тойланып келе жатқан бұл мейрамды көпшілік зор қуанышпен тойлады.

       Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгi жалғаса берсін. Наурыз мейрамы ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Ендеше тарихының тамыры тым тереңде болған, ата-бабамыздан аманат болып қалған Наурыз мейрамы баршамызға құтты болсын. Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын!




87774493612 Бибинур Пшенбаевна